Ішкі істер министрлігінің құрылымында өңірлік бөлімшелері бар Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды. Жаңа орган тек интернет-алаяқтықты ашумен ғана емес, оның алдын алу және заңнамалық реттеумен де айналысады, деп хабарлайды Juzmedia.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Департамент басшысы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, 2024 жылдың алты айында елімізде 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Осы уақыт ішінде 74 sim-box құрылғысы мен тіркелмеген 88 мыңнан астам sim-карта тәркіленіп, 30 күдікті ұсталды. Олардың 14-і — шетел азаматтары.
Интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізу арқылы заңға қайшы 59 мың интернет-ресурс анықталып, бұғаттауға жолданды. Биыл 870 адам интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал банктермен бірлескен "Антифрод-орталығы" арқылы 2,6 млрд теңгеден астам қаржының ұрлануына жол берілмеген. Бұған қоса, байланыс операторларымен бірлесіп 66,9 млн жалған қоңырау бұғатталды.
Министрлік шетелдік әріптестермен бірлесіп те жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, қаңтар айында Арменияда өткізілген арнайы операция барысында Еуропа мен ТМД елдерінің тұрғындарын алдаған екі call-орталық жабылған. Сондай-ақ Астана мен Алматыда орналасқан бес call-орталықтың жолы кесілген.