Мемлекет басшысының өкімімен Нұржан Құсайынов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Juzmedia Ақорда Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Бұл тағайындау Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылып, оның тергеу және жедел функциялары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына өткеннен кейін жүзеге асты.
Жаңа құрылым аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат қалыптастыру, алдын алу және мәдениетті дамыту бағыттары Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктелсе, жедел және тергеу жұмыстарын ҰҚК жүргізетін болды.
Еске салайық, Президент қол қойған жарлыққа сәйкес, жаңа қызметтің ережесі мен штаттық құрылымы бір ай ішінде нақтыланып, ал 1 қыркүйекке дейін тиісті заң жобасы Мәжіліске ұсынылады. Бұл қадам жемқорлықпен күресті күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыруды көздейді.