homepage
Фото: GettyImages

АҚШ-тың тарифтік саясатының Қазақстанға әсері аз - Сауда және интеграция министрлігі

08.07.2025, 15:38

АҚШ 1 тамыздан бастап Қазақстанға қатысты жаңа импорттық тарифтер енгізбек. Алайда бұл өзгерістер қазақстандық тауарлардың басым бөлігіне қолданылмайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, АҚШ Қазақстаннан келетін барлық тауарларға 25 пайыздық бірыңғай баж белгілеу туралы шешім қабылдаған. Бірақ бұл шаралар негізінен шикізаттық емес тауарларға қатысты. Ал Қазақстан экспортының негізгі бөлігін құрайтын мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан өнімдері жаңа тарифтерден босатылады. Сондықтан енгізілетін баждар ел экспортының шамамен тек 5 пайызына ғана әсер етеді.

Сауда шарттарын сақтап қалу мақсатында Қазақстан Үкіметі АҚШ тарапына нақты ұсыныстар мен келіссөз бастамаларын жолдаған. Қазіргі уақытта Америка тарабы бұл ұсыныстарды қарастырып жатыр, келіссөздердің нақты күні кейінірек белгілі болады.

Министрлік Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында АҚШ-пен диалогты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд долларды құраған. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында бұл көрсеткіш 1,26 млрд доллар болды. Экспорттың негізгі бөлігін шикі мұнай (56%), уран (16%), күміс (12%), ферроқорытпа (9,5%) және басқа стратегиялық тауарлар құрайды.