АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылғы 1 тамыздан бастап ондаған елден келетін тауарларға жоғары мөлшердегі импорттық тариф енгізетінін хабарлады. Бұл туралы ол бірқатар мемлекеттің басшыларына жолдаған ресми хаттарында мәлімдеген, деп хабарлайды Juzmedia.
Тариф енгізілетін елдер қатарында Малайзия (25%), Оңтүстік Африка (30%), Лаос (40%) және Мьянма (40%) бар. Сонымен бірге АҚШ Жапония мен Оңтүстік Кореяның барлық тауарына 25 пайыздық тариф енгізіп отыр. Трамп бұл шешімді осы елдермен сауда теңгерімі мен нарық ашықтығы бойынша ұзақ жылдар бойы шешілмеген мәселелермен түсіндіреді.
АҚ үй басшысы Корея президенті мен Жапония премьер-министріне арнайы хат жолдап, бұл тариф шарасы "саудадағы әділетсіздікті реттеу үшін" қажет екенін жазған. Хатта АҚШ бұл елдерден импорт көптеп түсетінін, ал америкалық тауарларға жауап ретінде түрлі кедергі жасалып отырғанын сынға алған.
Сондай-ақ Трамп Сербия, Бангладеш, Камбоджа, Индонезия, Босния және Герцеговина, Тунис елдерінің басшыларына да арнайы хат жолдап, бұл елдер үшін тариф мөлшері 25%-дан 36%-ға дейін өзгеретінін хабарлады. Ол бұл шешімдердің барлығын АҚШ экономикасын қорғау және әділ сауда орнату мақсатымен түсіндірген.
Трамп хаттарында егер аталған елдер АҚШ тауарларына қарсы жауап ретінде тариф енгізетін болса, Вашингтон бұл жағдайда өз тарифін тағы да арттыруға дайын екенін ескерткен.
Айта кетейік, Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ресми хат жолдап, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа жеткізілетін барлық өнімге 25 пайыздық тариф енгізілетінін хабарлаған болатын.