homepage
Фото: © CNP/AdMedia / CNP/AdMedia / www.globallookpress.com

Трамп Қазақстанға 25 пайыздық тариф енгізетіні туралы Тоқаевқа ресми хат жолдады

08.07.2025, 08:30

АҚШ президенті Дональд Трамп 7 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ресми хат жолдап, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа жеткізілетін барлық өнімге 25 пайыздық тариф енгізілетінін хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.

Хатта Трамп бұл шешімді екі ел арасындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан сауда теңгерімсіздігімен түсіндіреді. АҚШ президентінің айтуынша, Қазақстан қолданатын тарифтік және бейтарифтік кедергілер, сондай-ақ сауда тосқауылдары АҚШ-тың экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Осыған байланысты Вашингтон Қазақстанмен сауда қатынасын "әділ әрі теңгерімді" негізге көшіруге бел буып отыр.

Тариф барлық қазақстандық өнімге жекелей түрде қолданылады және ол салалық тарифтерден бөлек есептеледі. Егер тауарлар басқа елдер арқылы тасымалданып, жоғары тарифтен жалтаруға тырысса, олар да 25 пайызбен салықталады. Дегенмен Трамп Қазақстан немесе қазақстандық компаниялар АҚШ аумағында өндіріс ашатын болса, онда тариф қолданылмайтынын атап өткен.

Сонымен бірге хатта егер Қазақстан тарапынан жауап ретінде қарсы тарифтер енгізілсе, АҚШ ол тариф көлемін өз тарифіне қосып, одан әрі арттыратыны ескертілген.

АҚШ президенті екіжақты сауда қатынасын одан әрі жалғастыруға мүдделі екенін, бірақ ол үшін Қазақстан өз нарығын ашып, бұрынғыдан гөрі әділетті сауда ережелерін қабылдауы тиіс екенін мәлімдеген. Трамп тарифтің көлемі болашақта елдер арасындағы қатынасқа байланысты қайта қаралуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.