АҚШ-тың Техас штатында орын алған жойқын су тасқыны салдарынан кемінде 82 адам қаза тапты, олардың ішінде 28 бала бар. Ең ауыр жағдай Kerr округінде тіркелді, мұнда 68 адамның өмірі қиылды. Қалған қаза тапқандар Техастың өзге өңірлерінде анықталған деп хабарлайды Juzmedia.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.
Су тасқыны 4 шілдеге қараған түні қатты нөсерден кейін басталды. Гвадалупе өзенінің суы небәрі 45 минуттың ішінде 8 метрге (шамамен 26 фут) көтерілген. Нәтижесінде өзен маңындағы лагерьлер мен елді мекендерді түгелдей су шайып кеткен.
Оқиға кезінде Camp Mystic деп аталатын христиан қыздар жазғы лагерінен 27 бала мен 1 тәрбиеші хабар-ошарсыз кеткен деген ақпарат тараған. Кейін олардың бірқатары табылып, кейбірінің қаза тапқаны расталды. Қазір де іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Жергілікті биліктің мәліметінше, 850 адам эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілген. Операцияға тікұшақтар, қайықтар, дрондар мен жүздеген құтқарушы жұмылдырылған. АҚШ Президенті Техасқа "ірі табиғи апат аймағы" мәртебесін беріп, федералды деңгейде көмек көрсетілетінін мәлімдеді.