Қарағанды облысында болған ауыр жол апатынан жеті адам қаза тапты, олардың бесеуі – бала, деп хабарлайды Juzmedia.
Оқиға Балқашқа баратын тас жолда болды. Полицияның мәліметінше, жүргізуші елдімекен мен трасса қиылысында жол белгілерін елемей, басқа көлікті басып озбақ болған. Алайда көлік темір қоршауға соғылып, бірнеше секунд ішінде өртеніп кеткен. Жолаушылардың ешқайсысы шығып үлгермеген. Тек жүргізуші мен бір жолаушы аман қалып, ауруханаға жеткізілді. Қаза тапқандар Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылынан екені айтылуда.
Бұндай қайғылы жағдай ел бойынша көбейіп жатыр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті биылғы жылдың алғашқы төрт айында 9 211 апат тіркелгенін хабарлады. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 51,5 пайызға көп. 2023 жылдың басымен салыстырғанда, жол апаттарының саны үш есеге жуық артқан.