2025 жылғы 8 шілдеде Астанада Астана мен Қарағанды қалаларының инклюзивті футбол командалары арасында жолдастық матч өтеді. Бұл шара «UNI Football League» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.
«UNI Football League» – аутизм, Даун синдромы, ДЦП және басқа да менталды ерекшеліктері бар 10–18 жастағы балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол жобасы. Оған Қазақстанның 9 қаласынан 115 бала қатысып жатыр.
Матчқа ерекше қажеттіліктері бар балалар, олардың ата-аналары, ұйымдастырушылар мен серіктестер қатысады. Астана мен Қарағанды қалаларында аутизм мен Даун синдромы бар 23 жеткіншек тұрақты түрде жаттығуда.
Жобаны «Bolashak Charity» қоғамдық қоры мен Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырады. Бас демеуші – Freedom Holding Corp. компаниясы «Freedom Шапағат» қайырымдылық қоры арқылы қолдау көрсетіп отыр.
Инклюзивті футбол – бұл тек спорт емес, сонымен қатар өз-өзін тануға, әлеуетін ашуға, қоғаммен араласуға мүмкіндік беретін өмірлік тәжірибе. Жоба балалардың өмір сапасын арттыру мен қоғамға бейімделуіне бағытталған.
Матч 8 шілде күні сағат 13:30-да Астана қаласындағы Қазақстан футбол федерациясының алаңында өтеді.