homepage
Фото: kaztag.kz

Ақмола облысында су тартуға қайтарылған қаражат есебінен 21,5 млрд теңге бөлінді

07.07.2025, 11:56

Ақмола облысында ауылдарға су тартуға 21,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы бұрын заңсыз жолмен иемделіп, кейін елге қайтарылған активтерден алынған, деп хабарлайды Juzmedia.

Қазір облыста 28 жоба іске асып жатыр. Соның ішінде Зеренді ауданындағы 10 ауылда су құбыры жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстарға 6,5 млрд теңге қарастырылған. Ең үлкені — Өркен ауылындағы 6 шақырым су желісі. Мұнда мыңнан астам адам тұрады. Жобаның құны — 583 млн теңге.

Бұдан бөлек, тағы 9 ауданда жаңа су көздерін тарту және бұрынғы құбырларды жаңарту жүріп жатыр. Бұл жобаларға 2,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Барлығы биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Сандықтау ауданында ұзындығы 22 шақырым болатын топтық су құбыры салынып жатыр. Оған 200 млн теңге бөлінген. Ал Нұра топтық су құбыры мен Покровское ауылынан Талапкер мен Қажымұқан ауылдарына су тарту жобаларына 9,5 млрд теңге қарастырылған.

Қазір Ақмола облысындағы қалаларда су тарту деңгейі — 99%, ауылдарда — 96,6%.

Заңсыз алынған активтер есебінен елдің басқа өңірлерінде де су, денсаулық сақтау және спорт саласындағы жобалар жүзеге асып жатыр.