Атырау вагон жасау зауыты мен TEXOL компаниясының бірқатар жұмысшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жолдады. Жұмысшылар онда қазақ тілінің қолданысы мен дін бостандығына қатысты мәселелерді көтеріп, өздеріне қатысты әділетсіздікке шағымданған деп хабарлайды Juzmedia «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
«Басшылық қазақша білмейді»
Хат авторлары зауыт қызметкерлерінің 90%-дан астамы — Қазақстан азаматтары, негізінен қазақтар екенін айтады. Алайда зауыт басшылығының басым бөлігі мемлекеттік тілді білмейтінін және бұл жағдай өндірістік үдерісте кедергі келтіретінін алға тартады.
«Конституцияда мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп анық жазылған. Ал біз зауытта өз ана тілімізде еркін сөйлеуге де мүмкіндік таппай отырмыз», — делінген ашық хатта.
Жұмысшылар басшылыққа қойылатын басты талаптың бірі — мемлекеттік және, қажет болған жағдайда, орыс тілін жетік меңгерген адамдарды басшылыққа тағайындау қажеттігі.
«Жұма намазына жібермейді, Құрбан айтпен құттықтамайды»
Хатта діни сенім бостандығы туралы мәселе де қозғалған. Жұмысшылардың айтуынша, Құрбан айт секілді діни мейрамдарда зауыт әкімшілігі тарапынан құттықтау да, құрбандық шалу рәсіміне рұқсат та берілмеген. Жұма намазына барғысы келген қызметкерлер де түрлі кедергілерге тап болатынын алға тартады.
«Біз аптасына бір рет — жұма күні — бір сағатқа болсын жұмыстан босатуды сұраймыз. Сондай-ақ намаз оқу үшін тыныш, шағын бір бөлме берілсе дейміз. Бұл еңбек өнімділігіне кері әсер етпейді, керісінше, моральдық рухты күшейтеді», — дейді жұмысшылар.
Олардың айтуынша, бұл талаптар — шағым не арандату емес, өзара құрмет пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған үндеу.
TEXOL компаниясы жауап берді
Ашық хатқа байланысты «Ақ Жайық» басылымы TEXOL компаниясының бас кеңсесіне сауал жолдап, жауап алған. Компания 25 жылдан астам тарихы барын, 1500-ден астам қызметкері бар екенін, ресми құжаттардың барлығы қазақ және орыс тілдерінде жүргізілетінін мәлімдеген. Атырау вагон жасау зауыты (АВСЗ) – осы компания құрамында. Қазір онда 350-ден аса адам жұмыс істейді.
TEXOL ұжымының көпұлтты екенін, қарым-қатынас баршаға ыңғайлы тілде жүретінін және діни-ұлттық мейрамдарды ерікті түрде атап өтетінін алға тартады.
Сонымен бірге компания 2025 жылғы 16 маусымда бір топ жұмысшы өндірісті 9 сағатқа тоқтатып, орыс тілді цех басшысын жұмыстан босатуды, өндіріс көлемін қысқартып, еңбекақыны сақтап қалуды талап еткенін хабарлады. Бұл талаптар негізсіз деп танылып, кейін кейбір жұмысшылар өздерінің адасқанын мойындап, жұмысқа қайта оралған. Ал бас көтеруді ұйымдастырғандар «ұлтаралық және діни араздықты қоздыруға әрекет жасады» деп айыпталып, жұмыс беруші сот пен құқық қорғау органдарына жүгінген. Мемлекеттік органдар жүргізген тексерістер барысында ешқандай заң бұзушылық анықталмаған.
Компания өз мәлімдемесінде Қазақстан заңнамасын, оның ішінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды бұлжытпай орындайтынын, барлық қызметкерге тең жағдай жасалатынын атап өткен.