Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында бокстан Әлем кубогының кезеңі мәресіне жетіп, Қазақстан құрамасы жалпы есепте топ жарды. Финалдық бәсекелерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрермендермен бірге тамашалады. Жарыс соңында Президент ұлттық құрама боксшыларымен тілдесіп, жеңістерімен құттықтады деп хабарлайды Juzmedia.
Қазақстан атынан финалға 12 боксшы шықты. Оның 8-і чемпион атанып, 4-еуі күміс жүлдемен шектелді. Бұл көрсеткіш – ел құрамасының аталмыш кезеңдегі ең үздік нәтиже көрсеткенін аңғартады.
Чемпион атанған боксшылар:
– Санжар Тәшкенбай (50 кг) финалда филиппиндік Джей Бриан Барикуатродан 5:0 есебімен басым түсті.
– Махмұд Сабырхан (55 кг) шешуші жекпе-жекке қарсыласы жарақатына байланысты шықпай, чемпион атанды.
– Сабыржан Аққалықов (75 кг) болгариялық Рами Киванды сенімді жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.
– Бекзад Нұрдәулетов (85 кг) үндістандық Жугнуды нокдаунға жіберіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
– Айбек Оралбай (+92 кг) Германия өкілі Никита Путиловпен өткен ауыр айқаста төрешілер шешімімен 5:0 есебімен басым түсті.
– Назым Қызайбай (48 кг) үндістандық Минакшиден 3:2 есебімен басым түсіп, кезекті мәрте өз мықтылығын дәлелдеді.
– Виктория Графеева (60 кг) бразилиялық қарсыласын нокдаунға жіберіп, жеңісті жұлып алды.
– Наталья Богданова (70 кг) аустралиялық қарсыласынан басым түсіп, 2 раундта ұтылып жатса да, кездесуді өз пайдасына шешті.
Күміс жүлде иегерлері:
– Нұрбек Оралбай (80 кг) франциялық Иожерлин Сезардан ұтылып қалды.
– Алуа Балқыбекова (51 кг) финалдық сында Финляндия құрамасындағы отандасымыз Асқар Сәрсенбаевтың шәкірті Пихла Кайво-Ожамен жұдырықтасып, 2:3 есебімен есе жіберді.
– Надежда Рябец (75 кг) норвегиялық Суннива Хуфстадқа жол берді.
– Елдана Талипова (+80 кг) үндістандық Нупур Нупурге 0:5 есебімен ұтылды.
Финалдық бәсекелерге Үндістан, Бразилия, Түркия, Аустралия, АҚШ, Франция, Жапония, Финляндия, Норвегия, Моңғолия, Болгария, Германия, Өзбекстан сияқты елдердің спортшылары қатысты. Бірақ ең көп финалист пен ең көп алтын Қазақстан еншісінде болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев финалдан кейін боксшыларға:
– Жеңістеріңіз құтты болсын! Бокспен тек мықты, күш-жігері мол адамдар шұғылданады. Бұл – ерекше спорт. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Мемлекет әрқашан сіздерді қолдайды. Қазақстанда бокстың келешегі зор болатынына ешқандай күмәнім жоқ, – деді.
30 елден 300-ге жуық боксшы сынға түскен бәсекеде Қазақстан құрамасы 16 салмақта жүлде тұғырынан көрінді.
Енді шешуші финалдық кезең 15-22 қараша күндері Үндістанда өтеді.