Мемлекет басшысының Жарлықтарымен және Өкімдерімен Сыртқы істер министрлігінің бірқатар жоғары лауазымды қызметкері тағайындалып, кейбірі қызметінен босатылды, деп хабарлайды Juzmedia.
Роман Василенко Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Солтүстік Атлант шарты ұйымы (НАТО) жанындағы Қазақстан Өкілдігінің басшысы болып тағайындалды. Бұған дейін ол Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.
1972 жылы Шымкент қаласында туған Василенко — кәсіби дипломат. Ол ҚР Президенті Аппараты, Премьер-Министр Кеңсесі мен Мемлекеттік хатшы Хатшылығында жұмыс істеген. СІМ жүйесінде ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, ақпарат комитетінің төрағасы, министрдің орынбасары лауазымдарын атқарған. Сондай-ақ Қазақстанның Ұлыбритания, АҚШ және Словакияда елшілік қызметте болды.
Сондай-ақ Ержан Елекеев Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды. Ол бұған дейін "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болған.
1986 жылы Ақтауда туған Елекеев Қазақстан-Британ техникалық университеті мен Глазго университетін бітірген. "ҚазМұнайГаз", "Самұрық-Қазына", "Экономикалық зерттеулер институты", "Бәйтерек" холдингі және Альфа-Банк құрылымдарында түрлі лауазым атқарған.
Сонымен қатар Арман Исетов Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол бұл лауазымға дейін Таиландтағы елші болған.
1975 жылы Қостанай облысында туған Исетов – СІМ жүйесінде ұзақ жыл еңбек еткен дипломат. Бұған дейін БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдікте жұмыс істеген, халықаралық-құқықтық департаментті басқарған, БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілінің бірінші орынбасары болған.
Жаңа тағайындаулармен қатар бірнеше елші қызметінен босатылды. Атап айтқанда, Марғұлан Баймұхан Бельгия, Люксембург, Еуропа Одағы және НАТО жанындағы Қазақстанның өкілі қызметтерінен босатылды. Азамат Бердібай Кувейттегі елші лауазымынан, ал Арман Исетов Таиландтағы елші қызметінен босатылды.