homepage
Фото: egemen.kz

Шетелге шыққанда инфекциялық аурулардан қалай сақтануға болады?

05.07.2025, 10:45

Денсаулық сақтау министрлігі кеңес туристік сапарлар көбейген тұста Қазақстанға бұрын болмаған жұқпалы инфекциялардың әкеліну қаупі сақталып отырғанын айтып дабыл қақты деп хабарлайды Juzmedia.

Африка, Оңтүстік Америка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ылғалды климат пен тропикалық аурулардың шоғырлануы жұқтыру қаупін күшейтеді. Бұл өңірлерде тарайтын инфекциялар аса жұқпалы, ағымы ауыр және емдеуі қиын болуы мүмкін.

Жұқтыру жолдарының ішінде ластанған су мен тағам, маса шаққаннан кейінгі инфекция, науқастармен байланыс пен жыныстық жол арқылы берілуі жиі кездеседі.

Министрлік шетелге шығатын азаматтарға келесі кеңестерді ұсынады:

– Тырысқақтың алдын алу үшін сапасыз немесе белгісіз судан бас тартыңыз. Тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды ішіңіз. Жеміс-көкөністі міндетті түрде жуып, қайнаған сумен шаю қажет. Дәретханадан кейін және тамақ ішер алдында қолды сабындап жуу маңызды.
– Безгек, Денге сияқты маса арқылы жұғатын инфекциялардан сақтану үшін жабық киім киіп, теріге репеллент жағыңыз. Қонақүйде москит торларын орнатып, фумигатор мен аэрозоль қолданыңыз.
– Егер өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, дене қызуы көтерілсе, өз бетіңізше емделуге тырыспай, бірден дәрігерге қаралу қажет.

Ведомствоның дерегінше, қазіргі уақытта Қазақстан шекарасындағы 17 өткізу пункті санитариялық-карантиндік бақылаумен жабдықталған. Күн сайын ел аумағына 50 мыңнан астам адам өтеді. Биылғы 5 айда кірген азаматтар саны 2,6 миллионнан асқан. Оның ішінде 43 адамнан дене қызуы анықталып, медициналық көмек көрсетілген.

Министрлік шетелге шықпас бұрын баратын елдегі эпидемиологиялық ахуалды зерттеп, алдын ала дәрігерден кеңес алуға, сондай-ақ жолға қажетті жеке қорғаныс құралдарын дайындауға кеңес береді.