homepage
Фото: tengrinews.kz

Бұрынғы антикор басшысы Талғат Татубаев азаптау ісі бойынша күдікке ілінді

04.07.2025, 17:39

Бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Талғат Татубаев азаптау ісі бойынша күдікті ретінде тергеліп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.

Бас прокуратураның ресми мәліметінше, Татубаевқа Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі (азаптау) бойынша айып тағылып отыр. Қазір ол адамды күштеп жауап алуға мәжбүрледі деген күдікке ілініп, тергеу жүріп жатыр:

“Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы 2025 жылғы 3 шілдеде Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақтарында көзделген қылмысты (азаптау) жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Т.М. Татубаевты ұстағанын хабарлайды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, қосымша дәлелдемелерді жинауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілуге жатпайды” – делінген хабарламада

Талғат Татубаев 2016–2018 жылдары Антикордың алдында жұмыс істеген Ұлттық бюроны басқарған. Кейін Қылмыстық қудалау қызметінің жетекшісі болды, ал 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін құқық қорғау органдарынан кеткен. Ол кезінде «Құрмет» және «Даңқ» ордендерімен марапатталған және президенттік кадр резервінде болған.

Бұған дейін кейбір БАҚ Татубаевтың аты БТА банк ісіне қатысты күдіктілерге қысым көрсету фактілерінде аталғанын хабарлаған. Тергеу әлі де жалғасып жатыр.