homepage
Фото: ara24.kz

Мүгедектерді қайыр сұратуға мәжбүрлегендер ұсталды

04.07.2025, 16:11

Ақтау қаласында мүгедектігі бар екі адамды алдап, оларды қайыр сұратуға мәжбүрлеген үш адам 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, 2023 жылдың қазанынан бастап 2024 жылдың наурызына дейінгі аралықта 50 жастағы әйел мен оның екі ұлы мүгедек жандарды пайдаланып, қылмыстық әрекет жасаған. Аяғы жоқ екі адам Қарағандыдан алдап әкелініп, алғашында Семейде, кейін Ақтауда қайыр сұрауға мәжбүр болған. Олар тапқан ақшаны үнемі сотталғандар алып отырған.

Жәбірленушілерге қашуға тырысқаны үшін психологиялық және физикалық қысым көрсетілген. Тек 2024 жылдың наурыз айында олардың бірі полицияға хабарласып, осы схеманың бетін ашуға мүмкіндік берді.

Сот үкімімен үш азамат Қылмыстық кодекстің 126 және 128-баптары бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Прокуратура адам саудасына қатысты өзге де фактілер туралы хабарлауға шақырып, анонимділік пен құпиялылыққа кепілдік беретінін ескертті.