Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмыстары ресми түрде қайта басталды, деп хабарлайды Juzmedia Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бұл шаралар 30 қарашаға дейін жалғасады. Киік атуға 40-қа жуық маман тартылып, төрт бригада құрылған. Әр бригада үш техникамен қамтамасыз етіліп, жалпы 12 техника жұмылдырылған. Ауланған киіктердің еті арнайы белгіленген ет өңдеу кәсіпорындарына жеткізіледі.
2025 жылғы авиациялық есеп бойынша, өңірдегі киіктер саны 2,3 миллион басқа жеткен. Ғалымдар популяцияға зиян келтірмей, оның 20 пайызына дейін — шамамен 460 мың басқа дейін ғана реттеуге болады деп есептейді. Бұл шешім ғылыми негіздемелер мен табиғи тепе-теңдікті сақтау талаптарына сүйеніп қабылданған.
Мамандардың айтуынша, киік популяциясының шектен тыс көбеюі ауыл шаруашылығы алқаптарына зиян келтіріп, экожүйеде теңгерімсіздікке әкелуі мүмкін. Сондықтан реттеу жұмыстары заңнамалық және экологиялық талаптарға сай жүргізілуде.
Айта кетейік, Қазақстанда киік ату 2024 жылдың ақпанында уақытша тоқтатылған болатын. Сол кезде Экология министрі Ерлан Нысанбаев бұл шешім ғалымдар мен халықаралық сарапшылармен талқылаудан кейін қабылданғанын, алдағы уақытта киік санының тағы да артуы мүмкін екенін айтқан.