Қытай Ресейдің Украинадағы соғыста жеңілуіне жол бермейді, деп мәлімдеді Сыртқы істер министрі Уаң И. Брюссельде Еуроодақтың бас дипломаты Кая Калласпен кездескен ол, егер Ресей жеңілсе, АҚШ назары толықтай Қытайға ауып, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қысым күшейеді деген уәж айтты, деп хабарлайды Juzmedia New York Post-қа сілтеме жасап.
Уаң Идің сөзінше, Қытай Ресейге тікелей әскери қолдау көрсетіп отырған жоқ, бірақ егер көрсеткенде, қақтығыстың сипаты мүлде басқаша болар еді. Оның айтуынша, Бейжің қазіргі кезде тек бейбіт жолмен реттеуді қолдайды.
Кездесу кезінде Кая Каллас Қытайға бірнеше талап қойған: Ресейге әскери-өнеркәсіптік өнім беруді доғару, сирек металдарға шектеуді алып тастау және Иранға қатысты ықпалын пайдалану.
Бұған жауап ретінде Уаң И Қытай мен Батыс арасындағы қатынасты қақтығысқа емес, прагматикалық диалогқа негіздеу керектігін айтып, әлемге көпполярлы жүйе қажет екенін жеткізді.