homepage

«Қазақфильм» өкілдері жер учаскесінің сатылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Juzmedia. kz
02.11.2024, 16:14

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы соңғы күндері Рысқұлов даңғылы, 101Б мекенжайында орналасқан жер учаскесі мен бұрынғы «Қазкино» кешенін сату туралы таралған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Киностудия өкілдерінің мәліметінше, қазіргі уақытта учаске мен ғимарат киностудияның меншігінде және сатуға шығарылмайды.

«Аталған учаскеде авариялық жағдайда тұрған ғимарат анықталды. Бұл киностудия мамандарының бірнеше рет жүргізген тексерулерінде расталды. Аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қазақфильм» Алматы қаласы әкімдігінің өкілдерін тарта отырып, кешенді сараптама жүргізуді бастады. Сарапшылардың қорытындысы бойынша осы ғимаратты қауіпсіз пайдалану үшін қажетті шешімдер қабылданады. Жер учаскесі мен кешенді сату туралы барлық ақпарат жалған. Бұл жалған ақпарат әрі қарай таралған жағдайда сотқа жүгінуге құқығымыз бар», - деп мәлімдеді «Қазақфильм» өкілдері әлеуметтік желіде.

Сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясының аумағындағы өткізу режимінің қатаңдатылуы туралы хабарламалар да шындыққа жанаспайтыны айтылды.

«Қолданыстағы өткізу жүйесі қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және киностудия мүлкін қорғауға арналған. Мұндай шаралар әлемдегі барлық киностудияларда қалыпты тәжірибе болып саналады және ұрлық, өртеу және басқа да оқиғалардың алдын алу үшін қажет. Жақында енгізілген қауіпсіздік шаралары студия аумағында болған өрт пен қызметкерлерге жасалған шабуыл сияқты оқиғаларға жауап ретінде жасалып, студияда жұмыс істейтіндердің барлығын қорғауға бағытталған», - делінген хабарламада.

«Қазақфильм» киностудиясының өкілдері жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.