homepage
Фото: polisia.kz

Камбоджада құлдыққа түсе жаздаған қазақстандық елге қайтарылды

04.07.2025, 10:46

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Интерполы шетелде еңбек құлдығына тап болу қаупіне ұшыраған қазақстандық азаматты аман-есен елге қайтарды деп хабарлайды Juzmedia Polisia.kz дерегіне сүйеніп.

Қыз бала Камбоджаға қонақүй әкімшісі болып жұмысқа орналасу мақсатында барған. Алайда барғаннан кейін бұл ұсыныстың артында заңсыз әрекет тұрғаны белгілі болды.

Оқиғаға дереу араласқан ІІМ Интерполы Камбоджадағы әріптестеріне және Интерпол Бас хатшылығының адам саудасына қарсы күрес тобына ресми сұраныс жолдап, жедел әрекет нәтижесінде қыз құтқарылып, Қазақстанға жеткізілді. Қазіргі таңда оны шетелге заңсыз жұмысқа тартпақ болған адамдарды анықтау шаралары жүріп жатыр.

Қазақстан Интерполдың адам саудасына қарсы "Либертерра II" операциясына қосылған болатын. Аталған операция барысында Лаос еліне жұмысқа тұру мақсатымен барып, бірақ еркінен тыс ұсталған тағы бір қазақстандық қыз құтқарылып, елге қайтарылған.

Полиция шетелдегі "тартымды" жұмыс ұсыныстарының артында адам саудасы тұруы мүмкін екенін ескертеді. Азаматтардан жұмыс беруші туралы мәліметті алдын ала тексеріп, ресми ақпарат көздеріне жүгінуді сұрайды.