homepage
Фото: tengrinews.kz

Астана әуежайында суық қару тапсыратын жәшік орнатылды

03.07.2025, 17:15

Соңғы жылдары әуежай арқылы өтетін жолаушылар арасында кастет, пышақ, таяқ сияқты суық қаруды алып жүру жиілеп кетті. Осыған байланысты Астана қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы мен желілік полиция бөлімі қылмыстың алдын алуға бағытталған арнайы шараларды қолға алды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, соңғы бес жылда суық қару тасымалдағаны үшін 92 адам сотталған. Ал Қылмыстық кодекстің 287-бабына сәйкес, мұндай заттарды өз еркімен тапсырғандар, егер өзге қылмыс белгілері болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Осы ережені ескерген елордалық әуежайда жолаушылар суық қаруды жасырмай тапсыру үшін арнайы жәшік орнатылды. Құқық қорғау органдары бұл – заң бұзушылықтың алдын алуға арналған тиімді шара екенін атап өтті. Қазірдің өзінде жолаушылар мұндай заттарды ерікті түрде өткізе бастаған.