Жаздың аптап күндері тек жайсыздық емес, адам өміріне қауіп төндіруі де мүмкін. Әсіресе ыстық өту – ағзаға ауыр соққы. Ол күн өтуінен бөлек құбылыс: күн сәулесі тікелей ми мен жүйке жүйесін зақымдаса, ыстық өту — жалпы дененің шамадан тыс қызып кетуі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ыстықтан әсіресе балалар, қарттар және далада ұзақ уақыт жүретіндер зардап шегеді. Сондықтан мамандар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.
Ыстық өту белгілері қандай?
– жалпы әлсіздік, жағдайдың күрт нашарлауы
– бас айналу, көздің бұлдырауы
– жүрек айну, құсу
– дене қызуының 39°C-тан жоғары көтерілуі
– естен тану, шатасу, бұлшықет құрысуы
– ауыр жағдайда тырысу мен комаға дейін баруы мүмкін
Мұндай жағдайлар жылдам әрекет етуді талап етеді. Уақтылы көмек көрсетілмесе, орталық жүйке жүйесінде қайтымсыз өзгерістер болуы ықтимал.
Ыстықтан қалай қорғануға болады?
Күн астында жүрмеңіз. Сағат 11:00 мен 17:00 аралығында сыртқа шығуды шектеңіз. Егер шығу қажет болса, көлеңкелі жерді таңдаңыз, бас киім киіп, жеңіл, ашық түсті киім киіңіз.
Суды дұрыс ішіңіз. Қарапайым суды аз-аздан ішкен дұрыс. Алкоголь мен тәтті газдалған сусындардан бас тарту керек – олар шөлді қандыра алмайды, керісінше ағзаны сусыздандырады.
Денені салқындату. Үйде салқын душ қабылдаңыз, кондиционер немесе желдеткіш қолданыңыз. Мойын мен маңдайға салқын компресс қойыңыз.
Ауыр тағамнан бас тартыңыз. Майлы, ащы, қуырылған тағамдарды азайтып, жеміс-көкөністерге, сүт өнімдеріне және жеңіл сорпаларға көңіл бөліңіз.
Балалар мен қарттарды бақылаңыз. Оларды ыстық көлікте қалдырмаңыз. Бас киім кигеніне көз жеткізіп, жиі су ішкізіп тұрыңыз. Күннің ыстық уақытында далаға шығармаған дұрыс.
Жаттығуды таңертең не кешке ауыстырыңыз. Физикалық белсенділік ыстықта қауіпті. Қозғалыс қажет болса, күн салқындаған кезде немесе аз уақытқа жоспарлаңыз.
Косметика қолданғанда сақ болыңыз. Қалың кремдер терінің табиғи терлеуіне кедергі келтіріп, дененің қызып кетуіне себеп болуы мүмкін.
Министрлік осы қарапайым кеңестерді ескере отырып, жазда денсаулығыңызды сақтауға шақырады. Егер өзіңізде немесе жақындарыңызда ыстық өту белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгініңіз.