homepage
Фото: msqory.kz

Тегін медициналық көмекке не кіреді және оны кімдер ала алады?

03.07.2025, 11:58

Қазақстанда сақтандырылмаған адамдар да тегін медициналық көмек ала алады. Бұл көмекті Қазақстан азаматтары, қандастар, босқындар, тұрақты тұратын және ықтиярхаты бар шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар пайдалана алады. Ал уақытша тұратын шетелдіктер мен баспана іздегендер тек жұқпалы аурулар кезінде ғана тегін көмекке жүгіне алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ТМККК пакетіне кіретін негізгі қызметтер:

  1. Жедел жәрдем және санитарлық авиация – кез келген шұғыл жағдайда шақыру бойынша көмек көрсетіледі.

  2. Учаскелік дәрігер қабылдауы – жалпы практика дәрігері, терапевт, педиатр немесе медбике қабылдауы, бастапқы диагностика мен кеңес.

  3. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек – ауруларды ерте анықтау, жүкті әйелдерге бақылау, балаларды профилактикалық қарап-тексеру, екпе егу, салауатты өмір салтын насихаттау.

  4. Әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруларды емдеу – ЖИТС, туберкулез, қатерлі ісіктер және басқа да дерттер.

  5. Стационарлық көмек – шұғыл және жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу, диагноз қою, ем жүргізу.

  6. Күндізгі стационар қызметтері – стационарға жатқызуды қажет етпейтін, бірақ маман бақылауын талап ететін ем-дом.

  7. Туберкулезге қарсы медициналық оңалту.

  8. Паллиативтік көмек – өміріне қауіп төнген немесе жазылмайтын дертке шалдыққан науқастарға қолдау көрсету.

  9. Қанмен қамтамасыз ету және қан компоненттерімен жұмыс.

  10. Патологиялық-анатомиялық диагностика және мәйіттік донорлықпен байланысты медициналық қызметтер.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімге сәйкес, кейбір созылмалы аурулар бойынша амбулатория деңгейінде тегін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар беріледі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, бұл қызметтер сақтандыру жүйесіндегі мәртебеге қарамастан көрсетіледі. Егер медициналық көмек көрсетуден заңсыз бас тартылса, емханадағы Пациенттерді қолдау қызметіне немесе тікелей Қорға жүгінуге болады.