Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы іске қосылған Tasqyn жүйесі 10 облыста су тасқынының алдын алуға көмектесті, деп хабарлайды Juzmedia.kz
Су тасқыны қаупі күшейген көктем айларында Tasqyn ақпараттық жүйесі 10 облыста жағдайды алдын ала болжап, жергілікті билікке нақты әрекет етуге мүмкіндік берген. 14 наурыз бен 18 сәуір аралығында жүргізілген модельдеу нәтижесінде бірнеше өңірде ауқымды су басудың алдын алу мүмкін болды.
Ақпараттық жүйе өзендердегі су деңгейін, қоймалардан жіберілетін судың көлемін, жер бедерінің цифрлық карталарын және басқа да деректерді талдау арқылы елді мекендерге тасқын су келу қаупін болжайды. Биылғы көктемде Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 16 елді мекеннің 9-ы бойынша су басу қаупі алдын ала анықталған.
Су ресурстары және ирригация министрлігі жүйе негізінде күн сайын жағдайды бақылап отырған. Сонымен қатар шекара маңындағы елдермен деректер алмасу арқылы Төтенше жағдайлар министрлігіне уақтылы хабар берілген.
Министрліктің мәліметінше, Tasqyn жүйесін жетілдіру жалғасып жатыр. Қазір жүйені жаңғыртуға арналған жол картасы әзірленіп, цифрлық карталар мен гидрологиялық модельдерді нақтылау жұмысы жүріп жатыр.