Соңғы бес жылда Қазақстанда жарақаттан болатын өлім 19%-ға азайғанымен, 2024 жылы жол-көлік апаттарының күрт өсуі бұл көрсеткішке кері әсер етіп отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері елде 31 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп болып отыр.
Ресми мәліметке сәйкес, жол-көлік оқиғаларынан 40 мыңнан астам адам зардап шеккен, 2 452 адам қаза тапқан. Апаттардың жартысынан көбі Алматы қаласы мен облысында, Астана, Шымкент, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында тіркелген.
Жалпы, 2024 жылы 2,5 миллионнан астам адам травматологиялық көмекке жүгінген. Стационарлық емдеуден өткендер саны – 240 мың. Оның ішінде 130 мыңға жуық адамға операция жасалған.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шұғыл медициналық көмектің сапасы салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр: жедел жәрдем қалаларда орта есеппен 8 минутта, ауылда 9 минутта жетеді. Зардап шеккендер ауруханаға шамамен 35 минут ішінде жеткізіледі, бұл медициналық көмек көрсетудегі маңызды «алтын сағат» шегіне сай келеді.