homepage
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Польшада Абайдың шығармашылығына арналған ғылыми семинар өтті

02.07.2025, 15:27

Слупск қаласындағы Помор университетінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай халықаралық ғылыми семинар өтті. Жиын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірлесіп, Польшадағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды деп хабарлайды juzmedia.kz.

Семинарға екі елдің жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, Қазақстан Елшілігі мен Құрметті консулдық өкілдері қатысты. Іс-шарада Абайдың шығармашылығы, оның қазіргі білім беру жүйесіндегі орны, мәдени ықпалы және жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан мен Польша арасындағы ғылым және мәдениет саласындағы байланыс мәселелері көтерілді.

Бағдарлама аясында қазақ ақындарының өлеңдері оқылып, ұлттық музыкалық шығармалар орындалды. Семинар – Польшада Абай мұрасы мен қазақ мәдениетіне арналған тұрақты ғылыми жиындардың біріне айналған.