Оқу жылының басынан бастап мектеп пен балабақшалардағы тамақтану жүйесіне жаңа стандарт енгізілмек. Бұл бастама Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы жұмыс тобында қаралып, іске асыруға дайындық жүріп жатыр деп хабарлайды Juzmedia.kz министрлікке сілтеме жасап.
Жаңа стандартқа сәйкес, тамақтану процесіне қатысатын барлық тараптардың – мектеп, ата-ана, асхана, бақылаушы орган – міндеттері нақты белгіленген. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті үш түрлі үлгілік мәзір дайындап, оларды өңірлерге таратты. Жергілікті жерде ата-аналар мен мұғалімдердің ұсынысымен бұл мәзірге өзгеріс енгізуге мүмкіндік бар.
Министрліктің мәліметінше, бұл шара оқушылар арасында семіздік, диабет, гипертония сияқты созылмалы аурулардың алдын алу мақсатында қолға алынған. Диетада тұз бен қантты азайтып, көкөніс, жеміс, ақуыз және сүт өнімдерінің үлесін арттыру көзделіп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа стандарт толығымен сақталған жағдайда:
– семіздік 10–15%-ға,
– 2 типті қант диабеті 10–20%-ға,
– артериялық гипертензия 8–18%-ға,
– басқа да созылмалы аурулар 5–15%-ға төмендеуі мүмкін.
Қазір бұл стандарттарды іске асыру үшін Қазақ тамақтану академиясы, ЮНИСЕФ, ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы секілді мекемелердің сарапшыларын тарта отырып, түсіндіру және оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.