homepage
Фото: juzmedia.kz

Туризм бизнесіне мемлекет қандай қолдау көрсетеді?

01.07.2025, 15:45

Туризм – жай демалыс қана емес, экономиканың табысты саласы. Бұл саланы дамытқысы келетін кәсіпкерлерге Қазақстанда түрлі қаржылай қолдау қарастырылған. Туризм және спорт министрлігі бекіткен бұл тетіктердің бәрі нақты іске жарайды, олардың ережесі мен тетігі заң жүзінде бекітілген. Ал қолдаудың өзі 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

Ендеше, мемлекет туризм саласына қандай көмектер береді және сіз оны қалай пайдалана аласыз? Juzmedia.kz мемлекеттің қолдаудың әрқайсына жеке-жеке тоқталды.

1. Шетелден турист тартқан туроператорларға – әр адамға 15 000 теңге

Қазақстанға шетелдік туристерді әкелген туроператорларға мемлекет әрбір турист үшін 15 000 теңге субсидия төлейді. Бірақ бұл үшін екі шарт орындалуы тиіс: турист елде кемінде 4 күн, 3 түн болуы керек және eQonaq жүйесіне тіркелгені расталуы қажет. Бұл қолдау – сырттан турист тартқысы келетіндер үшін нақты ынталандыру.

2. Ішкі туризмде балалар тегін ұша алады

Бұл – ата-аналар үшін тиімді, туроператорлар үшін тиімдірек қолдау. Егер сіз ішкі туризм бойынша тур ұйымдастырсаңыз және оған 18 жасқа дейінгі бала қатысатын болса, оның әуе билеті толық субсидияланады. Яғни билеттің құны – 100% мемлекет есебінен төленбек. Бұл – баламен саяхат жасауды арзандатып қана қоймай, ішкі туризмге сұранысты арттырады.

3. Шаңғы курорты ашқыңыз келе ме? Техниканың 25%-ын мемлекет өтейді

Қар тазалағыш техника, аспалы жол, жасанды қар жабдықтары сияқты күрделі техника – тау туризмінің негізгі шығыны. Осындай техника алған кәсіпкерлерге мемлекет сатып алынған құнның 25%-ын өтеп береді. Бұл – инфрақұрылым салғысы келетіндер үшін айтарлықтай жеңілдік.

4. Жол бойындағы нысандар салынса – шығынның 10%-ы қайтарылады

Мотель, асхана, дәріхана, жанармай құю бекеті сияқты жол бойындағы қызмет көрсету орындарын салған бизнес өкілдеріне мемлекет шығынның 10%-ын қайтарып береді. Бұл – транзиттік туристерге жағдай жасағысы келетін өңірлік кәсіпкерлерге қолдау.

5. Әжетхана ұстауға да – ай сайын 83 300 теңге

Бұл күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ өте маңызды қолдау. Туристік аймақтар мен жол бойында санитарлық-гигиеналық тораптар (СГТ) ұстайтын кәсіпкерлерге ай сайын 83 300 теңге субсидия төленеді. Себебі тазалық – туризмнің ең бірінші шарты.

6. Туристік нысан салсаңыз немесе жаңғыртсаңыз – шығынның 10%-ы өтеледі

Жаңа туристік нысан салу немесе ескісін жөндеу – қомақты қаражат талап етеді. Осыған мемлекет нақты қолдау береді: салынған немесе жаңартылған нысанның құнының 10%-ы субсидияланады. Бұл, мысалы, қонақ үй, демалыс базасы, этноауыл сияқты нысандар болуы мүмкін.

7. Туристік автобус сатып алсаңыз – 25% өтемақы беріледі

Туристік бағытта пайдалануға арналған автобустар сатып алғанда – сыйымдылығы 8 орыннан асатын көлік болса – оның құнының 25%-ын мемлекет өтейді. Тек бір талап: автобус кемінде 5 жыл бойы тек туризм саласында қолданылуы тиіс.