Сыртқы істер министрлігі шетелдік журналистерге, блогерлер мен контент жасаушыларға арналған «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» халықаралық байқауының оныншы маусымын жариялады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Өтінім қабылдау 2024 жылғы 1 тамыздан 2025 жылғы 1 тамызға дейінгі аралықта жарияланған материалдар бойынша жүргізіледі.
Байқауға Қазақстан туралы ақпараттық, сараптамалық, мәдени-танымдық немесе деректі материалдар қабылданады. Олар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желілерде жариялануы тиіс. Әлеуметтік медиа авторларынан жазылушылар саны кемінде 10 мың болуы талап етіледі.
Ұйымдастырушылар әсіресе елімізге жаңаша, мазмұнды әрі жан-жақты көзқараспен қарайтын авторларды іздейді. Бұл байқау 2014 жылдан бері өткізіліп келеді және шетелдік аудиториядағы Қазақстан туралы сапалы контентті анықтауды мақсат етеді.