homepage
primeminister.kz

Ұлттық экономика вице-министрі: Тариф көтерілген соң су тұтыну азайды

01.07.2025, 11:57

Сараланған тариф енгізілгелі бері халық су үнемдеуге көшкен. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Дарбаев мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, жаңа тариф саясаты енгізілгелі суды тұтыну деңгейі төмендегені байқалған.

«Талдау көрсеткендей, 2024 жылдың алғашқы бес айында суды тұтыну 1,6 млн текше метрге азайды. Бұл – Лисаковск қаласының тұтынатын көлеммен бірдей. Тариф көтерілген соң тұтынушылар су үнемдеуге мәжбүр болды», – деді вице-министр.

Бұған дейін Мемлекет басшысы халыққа нақты қызмет жетуі үшін табиғи монополия субъектілерінің тарифін кезең-кезеңімен қайта қарауды тапсырған еді. Осыған сәйкес, биыл сәуірден бастап елдегі су, жылу, кәріз, газ және электр желілеріне қатысты жаңа тариф саясаты күшіне енген. Су тұтыну бойынша жаңа жүйеде төрт деңгейлік тариф белгіленді: ең төменгі тұтыну нормасынан бастап, суды көп пайдаланғандарға дейін бағасы біртіндеп өсіп отырады.

Министрлік өкілі бұл реформа тек халықтың төлем қабілетін емес, су инфрақұрылымын жаңғыртуды да көздейтінін айтты. Оның сөзінше, саладағы күрделі жағдайды өзгерту үшін 2026 жылға дейін 1,7 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қазір елдегі су және кәріз желілерінің тозу деңгейі 40–55 пайыз аралығында.