homepage
Фото: azattyq-ruhy.kz

Мемлекеттік мүлік департаментінің басшысы алаяқтық жасады деген күдікке ілікті

01.07.2025, 10:54

Алматы облысы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Juzmedia.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ресми мәліметке сәйкес, шенеунік Қарасай ауданында жер учаскелерін заңсыз рәсімдеу арқылы 750 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған. Ол жердің нысаналы мақсатын өзгертіп, кадастрлық құн айырмасын төлемей өткізу арқылы заңсыз пайда тапқан. Тергеушілердің есебінше, бұл әрекеттердің салдарынан мемлекетке 1 млрд теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Антикордың мәліметінше, күдікті ұрланған ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы заңдастырған болуы мүмкін. Қазір бұл эпизод бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Күдікті Іле аудандық полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.

Айта кетейік, 30 маусым күні Мемлекет басшысының өкімімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылып, оның тергеу және жедел функциялары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына берілетін болды.