homepage
Фото: juzmedia.kz

«Көңілдес болу ма, эскорт па?»: Интим тренерлер кімге не үйретіп жүр?

01.07.2025, 09:37

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде интим тренерлер мен «жыныстық сауаттылықты арттыру» курстары көбейіп кеткені байқалады. Бұл құбылыс қоғамда түрлі пікір тудырып отыр. Бірі мұны қажеттілік десе, енді бірі бұл ұят пен әдеп шекарасын бұзып жатыр деп санайды. Әсіресе, хиджаб киіп, дін атын жамылатын кейбір әйелдердің бұл салаға белсенді түрде араласып, өз «білімдерімен» ашық бөлісуі – қоғамда үлкен сұрақ туындатып отыр. Бұл жаңа трендтің қазақ қоғамына қаншалықты қажет екенін Juzmedia.kz авторы талдап көрді.

Интим тренер деген кім? Оның «дипломы» болуы керек пе?

Интим тренер – әйел мен ер адам арасындағы қарым-қатынастағы интимдік жақындық, жыныстық сауаттылық, репродуктивті денсаулық, әйел энергиясы, өзін тану және сенімділік сынды тақырыптарда кеңес беретін және түрлі жаттығулар мен техникаларды үйрететін адам. Олар көбіне онлайн курстар, вебинарлар, жеке консультациялар арқылы өз білімін таратады. Бұл салада интим тренерлер өзін психолог, коуч, сексолог деп таныстырып, кейде дәстүрлі емес, ғылыми негізі күмәнді әдістерді де ұсынады.

Интим тренерлік мәдениеті ХХ ғасырдың соңында АҚШ пен Батыс Еуропада басталды. Бұл кезде жыныстық ағарту мектептерінде, әйелдерге арналған тренингтер мен терапиялық кеңестер аясында пайда болған. Аталған елдерде интимдік сауаттылықты арттыру – репродуктивті денсаулық пен отбасы тұрақтылығының бір бөлігі ретінде қарастырылды.

АҚШ, Германия, Франция – бұл елдерде сексология ғылым ретінде ерте дамып, интимдік кеңес беру кәсіби деңгейде жүзеге аса бастады.

Ресей – посткеңестік кеңістікте интим тренерлік 2000-жылдардың басынан бастап белсенді дами бастады. Қазір бұл елде жүздеген блогер мен тренер бар.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан – соңғы 5-7 жылда әлеуметтік желілердің арқасында интим тренерлердің белсенділігі күрт артты. Жас әйелдердің аудиториясын оңай баурап алатын мотиватор-тренерлер көбейді.

Instagram мен TikTok жыныстық қатынасты үйрететіндер үшін ақша табатын алаңға айналды

Бүгінде онлайн платформа тәсілі кең етек жайған тұста, Instagram, TikTok, Telegram сияқты әлеуметтік желілер интим тренерлер үшін нағыз табыс табатын алаңға айналды. Дипломы бары да, дипломы жоғы да – интим тренер болып жүр. Бұл бағытта жұмыс істейтін блогерлердің аудиториясы – көбіне жас қыз-келіншектер.

Жалпы сексология – нақты ғылыми сала. Ал әлеуметтік желідегі тренингтер сол ғылымға қаншалықты негізделген? Бұл ретте «жалған мотивация денсаулыққа кері әсер етпей ме?» деген сұрақ туындайды. Ендеше отандық «интим тренерлердің» біріне талдау жасап көрелік.

Ашық парақша – жабық тақырып

Өзін интим тренер ретінде таныстырған парақшада «ПАРАҚШАҒА ЕР АДАМДАР КІРУГЕ БОЛМАЙДЫ!» деп жазылғанымен, ол ашық күйде тұр. Демек, кез келген ер адам немесе жасөспірім мұндағы ақпаратты кедергісіз оқи алады, тіпті пікір де қалдыра алады.

Аты-жөні көрсетілмеген автор өзін сексолог әрі интим тренер ретінде таныстырғанымен, медициналық білімі туралы нақты дерек жоқ. Мұндай ашық ақпараттың кімге, қандай мақсатпен бағытталғаны – үлкен сұрақ. Жасөспірімдердің психикасына бұл контенттің қалай әсер ететіні айтпаса да түсінікті.

Парақшаның стористары мен посттары эротикаға толы. Кейбіреулері құдды жасөспірімдерге арналмаған көркем әдебиеттің үзіндісі іспеттес. Тіпті «любовница» атты арнайы бөлім ашылған. Мұнда отбасылы ер адамдардың көңілдесі болып жүрген әйелдердің хаттары мен тәжірибелері сақталған.

Мұндай курстардың тағы бір сорақы тұсы – жас қыздардың теріс жолға еліктеуі. Нақтырақ айтқанда үйренген тәжірибелері арқылы эскорт болуды да көздейтін дер бар болып шықты.

Жалпы аталған курс бағасы – 6 990 теңге. Алайда төлем жеке кәсіпкер шотына емес, жеке тұлғаның атына аударылады. Бұл кәсіби қызметтің көрсетілмеуінен бөлек, салық төлеуден жалтару деген сөз. Бұл ретте салық органдарының назарын аудару керек секілді. Блогерлерді тексеруді тағы да күшейтудің реті бар.

Тағы бір алаңдатарлық мәселе – интим тренерлер төсек қатынасындағы техникаларды көрсетіп, оны видеоға түсіріп, ашық жариялауда. Бұл видеолардың басым бөлігі – 18 жастан асқандарға арналған. Бірақ әлеуметтік желілерде бұл жас шектеуі оңай айналып өтеді. Балалар да, жасөспірімдер де бұл контентке оп-оңай кіре алады. Себебі бұл мәселені реттейтін заң жоқ. Ведомстволық бақылау да жоқ.

Ислам діні не дейді?

Қазақстандық блогерлердің  хиджаб киіп, өздерінің қай дін өкілдерінен екенін білдіре тұра жыныстық қарым-қатынас туралы айтатын интим тренерлер жетерлік. Жалпы Ислам діні интим мәселесіне өте сақ қарайтыны баршаға мәлім. Ол – ерлі-зайыптылар арасындағы құпия. Мұны жария ету, әсіресе жұрт алдында талқылау – шариғатта рұқсат етілмеген іс. Өз кзегінде танымал имам Нұрлан Байжігітұлы журналист Дана Нұржігітке берген сұхбатында осы мәселеге қатысты пікірімен бөліскен болатын.

«Біріншіден олар діндар емес. Орамал таққан және қазақтың кез келген қызы көшеге шыққанда әкесінің, бауырының, ерінің абыройын алып шығады. Осыны аманат деп түсіну керек. Кейін жаңа интим тренерлердің бәрі өмірден өтіп кеткенде, ұрпақтары ‘олар не айтқан екен?’ деген секілді сөз қалады ғой. Сондықтан құдай жүректеріне салсын дейміз», – деген болатын имам.

Әлеуметтік желіде кеңінен таралған бұл құбылыстың психологиялық, мәдени, тіпті діни салдары бар. Әзірге бұл мәселе қоғамда ашық талқыланғанымен, мемлекеттік орган не депутаттар тарапынан әзір бастама байқалмайды.