homepage
Фото: khabar.kz

Жайна Сламбек: Билікті мақтай берген соң "Хабардан" кеттім

30.06.2025, 15:20

Тележурналист Жайна Сламбек журналистикадағы жеке ұстанымдары туралы пікір білдіріп, тек мақтауға құрылған мәтіндер жазуға мәжбүр болғаннан “Хабар” телеарнасынан кеткенін айтады. Ол бұл туралы Дана Нұржігітке берген сұхбатында айтты.

Тележурналисттің айтуынша, бір кезеңде жаңалық мәтінін еркін жазу мүмкін болмай қалған.

«Оншақты жыл бұрын “Хабардан” кетуімнің де бір себебі сол болды. Мүлде мүмкін емес болып қалды ғой текст жазу деген. Тек мақтау, тек мақтау. Олай журналист болғаннан болмаған артық», — деді ол.

Сұхбат барысында Жайна Сламбек журналист тура жүріп, шындықты айтуы керектігін айтты.

«Мен пышақтың жүзімен жүргенді ұнатамын. Солай жазуға машықтанған да сияқтымын», — деді ол.

Дегенмен, қазіргі журналистиканың беталысы жаман емес екенін, қоғам тарапынан сұраныс барын да атап өтті. Оның пікірінше, 2019 жылдан бері азаматтық қоғам белсеніп, журналистика да еңсесін тіктей бастаған.

Жайна Сламбек — Qazaqstan ұлттық арнасындағы «Apta» сараптамалық бағдарламасының жетекшісі. 1996–2014 жылдары «Хабар» агенттігінде түрлі қызметтер атқарған.