homepage
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстанда жерасты суын бақылауға арналған жаңа цифрлық жүйе енгізілмек

30.06.2025, 14:36

Қазақстан мен Германия жерасты суын бақылауға арналған ақпараттық жүйені енгізуге келісті. Бұл келісім «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі мен Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) арасындағы кездесу кезінде жасалды деп хабарлайы Juzmedia.kz.

Кездесу барысында Қазақстан аумағында Water Base деп аталатын жүйені енгізу мәселесі талқыланды. Жаңа жүйе жерасты суының жағдайын бақылауға, су қорын тіркеуге, картографиялық визуализация жасауға және деректерді автоматты түрде жинап, талдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол түрлі ұйымдар мен ведомстволар арасында мәлімет алмасу процесін оңтайландырады.

Жобаны жүзеге асыру аясында Германия тарапы серверлік және компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз етіп, жүйені бейімдеу және іске қосу қызметтерін көрсетеді. Бұдан бөлек, GIZ мамандары Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдерінің Ташкент қаласында орналасқан осындай жүйенің жұмысымен танысуына жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді.

«Цифрландыру тек жерүсті емес, жерасты су ресурстарын да қамтуы қажет. Water Base жүйесі осы саладағы бақылау мен басқару сапасын едәуір арттырады», – деді «Қазгидрогеология» басқарма төрағасы Болат Бекнияз.