Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі болып тағайындалды. Бұл тағайындау көлік-логистика жүйесіне қатысты мемлекет басшысының сынынан кейін және министрдің отставкасынан соң жасалды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
8 маусымда Марат Қарабаев Көлік министрі қызметінен босатылған еді. Бұған дейін, 14 мамырда Президент Тоқаев шекарадағы өткізу пункттерінің жұмысын сынға алып, саладағы нақты кемшіліктерді атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысы теміржол, жүк тасымалы, шекара инфрақұрылымы және көлік реформаларына қатысты бірқатар маңызды тапсырма берген.
Сауранбаевтың бұл қызметке келуі – аталған ескертулер мен сындардан кейінгі қадам. Ол бұған дейін де көлік, мұнай-газ, индустрия және қорғаныс салаларында түрлі лауазым атқарған. Соңғы жылдары Президент әкімшілігінде және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында жұмыс істеді.
Министрдің алдында көлік саласындағы жүйелік түйткілдерді шешіп, шекара инфрақұрылымын жаңғырту және логистиканы тиімді ету міндеті тұр. Ресми ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда саладағы басты басымдық – өткізу пункттері мен транзит әлеуетін арттыру.