30 маусым мен 6 шілде аралығында қазақстандық спортшылар бірқатар ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды. Апта бойы бокстан әлем кубогі, ауыр атлетикадан Азия чемпионаты және күрес, гимнастика, стенд ату, бәйге сияқты түрлі спорт түрлерінен маңызды додалар өтеді деп хабарлайы Juzmedia.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Астанада бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Әлем кубогі басталды. 30 елден келген 440-қа жуық спортшының арасында Қазақстан сапынан 20 боксшы шаршы алаңға шығады.
Ал осы аптада елордада тағы бір ірі жарыс – 4 шілдеден бастап ауыр атлетикадан жасөспірімдер және юниорлар арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Мұнда 27 елдің 300-ге жуық спортшысы бақ сынап, Қазақстан атынан 32 спортшы қатысады.
1–5 шілде аралығында Испания астанасы Мадридте грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтеді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасынан 8 палуан белдеседі.
2–8 шілде күндері Португалияның Коимбра қаласында батуттағы гимнастикадан Coimbra Gym Fest 2025 халықаралық турнирі ұйымдастырылады. Қазақстан атынан 8 гимнасшы сынға түседі.
Сондай-ақ, 4–14 шілде аралығында Италияның Лонато қаласында стенд атудан Әлем кубогі өтеді. Қазақстан сапынан 6 мерген жүлдеге таласады.
6 шілде күні Астанадағы «Қазанат» ипподромында бәйгеден ел біріншілігіне іріктеу турнирі өтеді. Жарысқа Алматы, Шымкент, Астана қалаларынан және облыстардан 50-ден астам шабандоз қатысады.