2025 жылғы негізгі ҰБТ-ның алғашқы алты аптасында 326 мыңға жуық тестілеу өткізілді. Алайда талапкерлердің үштен бірі шекті баллдан өте алмады. Бес пән бойынша орташа балл – 67, бұл ең жоғары көрсеткіштің жартысына да жетпейді. Ал шекті межеден өте алғандардың үлесі – 72 пайыз деп хабарлайды Juzmedia.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Биылғы сынақтың ең жоғары нәтижесін Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек көрсетті – ол тесттің бірінші аптасында 140 балл жинады. Жалпы 216 мың талапкерден 399 мың өтініш түсіп, әр қатысушы орта есеппен 1,5 реттен тапсырған.
Техникалық және медициналық мамандықтарға сұраныс әлі де басым. Қатысушылардың 18 пайызы «Математика–Физика», 16 пайызы «Биология–Химия» пәндер комбинациясын таңдаған. Шығармашылық емтихан тапсырушылар үлесі – 13 пайыз. Қазақ тілінде тест тапсырғандар – 76 пайыз, орысша – 24 пайыз, ағылшын тілінде – 253 адам ғана.
Тест кезінде 550 ереже бұзушылық тіркеліп, 260 адам тыйым салынған заттармен ұсталып, тағы 289 адам аудиториядан шығарылған. Олардың нәтижелері жойылған. Бейнебақылау арқылы анықталған тағы бір адамның сертификаты кейін күшін жойған. Бөгде адамның орнына кіру фактісі тіркелмеген.
ҰБТ бейнежазбалары 31 қазанға дейін талданып, бұзушылық анықталса, нәтижелер жойылады. Сонымен қатар, ерекше білім қажеттілігі бар 657 талапкерге қолайлы жағдай жасалып, олар да тестілеуге қатысқан.