Қазақстанда ұрықтағы жүрек кемістігінің 74 пайызы босанғанға дейін анықталады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz. Ерте анықталған жүрек ақауы дәрігерлерге нәрестеге қажетті көмекті туған сәттен бастап көрсетуге мүмкіндік береді.
Диагностиканың сапасы «University Medical Center» корпоративтік қорының құрамындағы Республикалық ұрықты сақтау орталығы мен Жүрек орталығының үйлесімді жұмысының нәтижесінде жақсарып отыр. Бұл бағыттағы жұмысқа Денсаулық сақтау министрлігі қолдау көрсетіп келеді.
Ұлттық стандарттар жаңартылып, өңірлердегі дәрігерлерді оқыту ісі басталған. Ұрық жүрегін тексеруге арналған кеңейтілген ультрадыбыстық хаттама енгізіліп, Ресей мен Еуропадан сарапшылар тартылған.
2024 жылдан бастап елдің 20 өңірінен үйлестіруші дәрігерлерге арналған оқыту бағдарламасы іске қосылды. Осы уақытқа дейін бес шеберлік сабағы өтті. 2025 жылдың маусым айында Астанада өткен халықаралық конгресс барысында пренаталдық медицинаны дамыту жөнінде маңызды шешімдер қабылданды.