homepage
olympic.kz

Әлем кубогындағы алғашқы қарсыластарымыз белгілі

30.06.2025, 09:28

Астанада өткелі жатқан бокстан Әлем кубогының үшінші кезеңі қарсаңында жеребе тарту рәсімі өтіп, Қазақстан құрамасының алғашқы қарсыластары белгілі болды. Жарыс 30 маусым мен 6 шілде аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ертеңгі жарыс күнінде Қазақстан сапынан алғашқы болып 70 келі салмақтағы Абылайхан Жүсіпов шаршы алаңға шығады. Күндізгі сессия сағат 14:00-де, кешкі сессия 19:00-де басталады.

Жеребе нәтижесіне сәйкес, 50 келі салмақта 2023 жылғы әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай ширек финалда жапониялық Кото Шудаймен кездеседі. 55 келіде тағы бір әлем чемпионы Махмұд Сабырхан кореялық Шин Жаенгпен жұдырықтасады. 60 келіде Серік Теміржанов 1/8 финалда Жаңа Зеландия өкілі Якоб Кассармен жолығады. Ол жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері ретінде тіркелген.

65 келі салмақта Ертуған Зейнуллиннов түркиялық Ахмет Пекелмен кездессе, 70 келіде Абылайхан Жүсіпов қырғызстандық Алмаз Орозбековке қарсы шығады. Бұл қарсыласы Азия чемпионатының финалына дейін жеткен. 75 келіде Сабыржан Аққалықов канадалық Джошуа Офоримен жұп құрса, 80 келі салмақта әлем чемпионы әрі Олимпиада финалисі Нұрбек Оралбай азербайжандық Мурад Аллахвердиевпен жұдырықтасады. Бұл қос боксшы 2024 жылғы Париж Олимпиадасының ширек финалында да жолыққан болатын.

85 келіде 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов ширек финалда Жаңа Зеландия боксшысы Лачлан Лаусонмен қолғап түйістіреді. 90 келіде Сағындық Тоғамбай әзірге алғашқы қарсыласын күтуде. Ол ширек финалда Италия құрамасының көшбасшысы, екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азиз Аббес Мухийдин мен АҚШ боксшысы Малачи Джоржестің жеңімпазымен кездеседі. Ауыр салмақта, +90 келіде, Айбек Оралбай алғашқы жекпе-жегінде доминикандық Хосе Агустин Трисетпен шаршы алаңға шығады.

Қазақстан құрамасы жарысты толығымен негізгі құраммен бастайды. Команданың басым бөлігі – әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері. Жарыс қорытындысы World Boxing рейтинг жүйесіне тікелей әсер етеді.