Астанада нейрохирургия саласындағы жетекші мамандардың қатысуымен Дүниежүзілік Х конгресс өтіп жатыр. Форум аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік делегаттармен кездесті деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның жоғары технологиялы медицинаны дамытуға, оның ішінде медициналық туризмді жолға қоюға ниетті екенін мәлімдеді.
– Нейрохирургия сияқты жоғары технологиялы салада медициналық туризмді дамыту ісінің әлеуеті зор. Осы бағытта табысқа қол жеткізу үшін орнықты мемлекетаралық байланысты жолға қоюға дайынбыз, – деді Президент.
Сондай-ақ ол Денсаулық сақтау министрлігіне шетелдік азаматтарды емдеу бойынша көрші елдермен үкіметаралық келісім жасауды пысықтауды тапсырды.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, маман даярлауға және озық технологияны енгізуге басымдық беріп отыр.