28 маусым күні Астанада «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық акциясының финалдық кезеңі өтеді. Іс-шара Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл бастама биылғы Құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы аясында Ішкі істер министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен іске асуда.
Акцияның мақсаты – отбасындағы зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, полицияға деген сенімді арттыру, сондай-ақ әйелдер мен балалардың құқығын қорғауда мемлекеттік органдар мен қоғамның күшін біріктіру.
Финалдық шара екі ай бойы ел бойынша өткен кең ауқымды қоғамдық қозғалыстың қорытындысы болады. Акцияға мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер мен жастар белсенділері қатысады. Жиын барысында қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолындағы бастамалар мен нәтижелер таныстырылады.