Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері жүрек соғысы минутына 40-қа дейін баяулаған шала туған нәрестенің өмірін сақтап қалды. Салмағы небәрі 1500 грамм болатын балаға уақытша кардиостимулятор (жүрек соғысын реттейтін құрылғы) орнатылды деп хабарлайды Juzmedia.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Сәбиге жүктіліктің 30-шы аптасында-ақ ауыр диагноз қойылған: жүрек соғуы тым баяу, жүрек ұлғайған. Туу кезінде тыныс алуы бұзылып, жағдайы өте ауыр болды. Бірнеше апта бойы салмақ қоспаған соң, дәрігерлер 22-күні операция жасауға шешім қабылдаған.
Кардиохирургтар баланың жүрегіне электрод тігіп, уақытша құрылғы орнатты. Осыдан кейін жағдайы тұрақталып, жүрек соғысы минутына 130-ға дейін жетті, салмақ қоса бастады.
Дене салмағы 2 келіге жеткенде балаға тұрақты кардиостимулятор қойылады. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр.
Операцияны орталықтың кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Алмас Бердібеков неонаталдық реанимация мамандарымен бірге өткізген.