homepage
Фото: gov.kz

Жемқорлардан тәркіленген қаржыға 89 мектеп салынды

27.06.2025, 14:48

Сыбайлас жемқорлықпен алынған қаражаттың есебінен Қазақстанда 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдастырған баспасөз туры кезінде мәлім болды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2022 жылдан бері мемлекетке 1,15 трлн теңгеден астам актив қайтарылған. Олардың қатарында бизнес-орталықтар, әкімшілік ғимараттар, пәтерлер, жер телімдері мен люкс автокөліктер бар. Бұл мүліктердің бір бөлігі әлеуметтік нысандарға берілді.

Мысалы, Алматыдағы құны 7,9 млрд теңгелік «KaisarTower» бизнес-орталығы Қазақ ұлттық қыздар университетіне, ал Астанадағы құны 5 млрд теңге болатын үш элиталық үй – мүгедектігі бар балаларға арналған түзету орталығына берілген.

Білім инфрақұрылымын қолдау қорына тәркіленген қаражаттан 153,3 млрд теңге аударылып, соның есебінен 100 мың оқушыға арналған мектептер салынып жатыр. Қазірдің өзінде 61 мектеп пайдалануға берілді, 2025 жылы тағы 28 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қайтарылған активтерді тек қоғам игілігіне бағыттауға уәде беріп отыр. Аталған іс-шара «Заң мен тәртіп» апталығы аясында өтті.