Астанада Sergek жүйесімен жабдықталған дрондар сынақтан өтіп жатыр. Олар енді полицияға жол ережесін бұзған көліктерді, алимент төлемегендер мен борышкерлерді нақты уақыт режимінде анықтауға көмектеспек деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұшқышсыз аппараттар іздеуде жүрген көліктерді белгілеп, деректерді тікелей патруль планшеттеріне жеткізе алады. Бұл полицияның әрекет ету жылдамдығын арттырып, жолдағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.
Ішкі істер министрлігі, «Қазақтелеком» және отандық Sergek Group әзірлеушілері бұл жүйені іздестіру және патрульдеу бағытында сынап жатыр. Егер нәтиже оң болса, жоба басқа өңірлерге де таратылады.
«Бұл — қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, полиция жұмысының тиімділігін жаңа деңгейге шығаратын шешім», – дейді ІІМ өкілі Сергей Варго.
«Дрондар – енді тек видео түсіретін құрылғы емес, нақты қауіпсіздік құралына айналып келеді», – дейді «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин.
Sergek — қазақстандық әзірлеме. Жүйе бұған дейін бекеттерге, қиылыстарға, көшелерге орнатылған болса, енді әуеге шығып, мобильді форматқа өтіп жатыр.