Қазақстанда жіксіз құбыр өндіретін жоғары технологиялы зауыт салынуы мүмкін. Бұл жобаны Атырау облысында жүзеге асыру жоспарланып отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл мәселе Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен испаниялықTubacex вице-президенті Антон Азлор арасындағы кездесуде талқыланды. Сондай-ақ мұнай-газ машина жасау зауытын ашу мүмкіндігі де сөз болды.
Tubacex Group компаниясы Атырауда тот баспайтын болат пен никель қорытпасынан жасалған құбырлар шығаратын өндіріс орнын ашуды ұсынды. Жоба жүзеге асса, бұл – Орталық Азиядағы алғашқы зауыт болмақ. Жылдық қуаты – 12 мың тонна дайын өнім.
Tubacex – мұнай-газ, энергетика және мұнай химиясы салаларына арналған құбырлар өндірісінде әлемдік көшбасшылардың бірі. Компанияның әлем бойынша 24 зауыты бар.