homepage
Фото: qandastar.kz

Қытай мен Өзбекстаннан келген қандастар саны көбейді

27.06.2025, 11:13

2025 жылдың алғашқы бес айында 5 496 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Келгендердің тең жартысы Қытайдан, тағы 41%-ы Өзбекстаннан. Қалғаны Түрікменстан, Моңғолия, Ресей және басқа елдерден келген деп хабарлайды Juzmedia.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Биылғы қандастардың 60%-ы еңбекке қабілетті жаста. Қоныстанушылар елдің түрлі өңіріне тарағанымен, мемлекет еңбек күші жетіспейтін сегіз облысты негізгі бағыт ретінде белгілеген. Солтүстік пен шығысты мекендегендерге мемлекет бір реттік субсидиямен қоса, тұрғын үйді жалға алу шығындарын да өтеп беріп отыр.

2025 жылға осы өңірлерге 2 309 адамға квота бөлінген. 1 маусымға дейін соның 917-сі ғана жүзеге асты. Жыл басынан бері 340 қандасқа нақты қолдау көрсетілсе, оның 163-і жұмысқа орналасқан.

Биылдан бастап жұмыс берушілерге арналған жаңа жеңілдік енгізілді: көшіп келген қызметкерге баспана әперу үшін мемлекет 4,5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз көмек бере алады.