homepage
Коллаж: juzmedia.kz

Қазақстандағы қоқыс полигондарының 80%-ы заңсыз жұмыс істеп тұр

26.06.2025, 11:05

2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі 2973 қатты тұрмыстық қалдық (ҚТҚ) полигонының тек 608-і ғана тиісті рұқсат құжаттарына ие. Бұл – жалпы полигондардың 20,6 пайызы ғана заң талаптарына сай екенін білдіреді. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің есебінде жарияланды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрліктің дерегінше, елорда мен бірнеше облыс орталығындағы негізгі полигондар шамадан тыс толып кеткен. Мысалы, Астана қаласында полигонның 98 пайызы, Шымкент, Атырау және Түркістан қалаларында 90 пайыздан астамы пайдаланылған. Жезқазған қаласында полигон мүлдем толып кеткен.

Жағдайды реттеу үшін 2023 жылы Үкімет 100 жаңа полигон салу және 13 нысанды жаңарту бойынша кешенді жоспар бекіткен. Алайда бүгінге дейін тек 7 полигон ғана пайдалануға берілген. Жоспарланған нысандардың жартысына жуығы бойынша мүлде жұмыс жүргізілмеген.

Министрлік жаңа полигондар құрылысын утильалым қаражаты есебінен қаржыландыруды ұсынып отыр. Бұл тәсілмен 11 өңірде 43 полигон салу көзделген. Жобалардың жалпы құны – 53 миллиард теңге.