homepage

Нобель иегерлерін Қазақстанға әкелгім келеді - Гонконгтағы қазақстандық ғалым

04.11.2024, 14:33

Мұхит алғашқыда Қазақстанда Санжар Асфендияров атындағы медицина университетінде білім алған, кейін 2017 жылы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында оқиды. Ұлыбританияға ғылыми конференцияға барған кезінде Кардифф Университетінің профессорларының ұсынысымен сол жерге докторантураға түседі. Кардифф университеті – офтальмология саласындағы ең әйгілі оқу орнының бірі. Мұхитпен қатар жеті жүзге жуық үміткер таласып, тек 7 адамның ғана бағы жанған. Ұлыбританиядағы оқу орнын тәмамдаған соң Мұхит Гонконгке көшеді.

«Бастапқыда елде жүргенде мемлекеттен қолдау, қаражат бөлуін сұрадым. Бірақ еш жауап болған жоқ. Енді көмек болмады, бермеді деп отыра бермеймін ғой. Басқа мемлекеттерге жаздым, шақырды, жағдай жасап берді»,- дейді қазақстандық дарын.

Қазір ол кванттық офтальмология бойынша Гонконг зертханасына жетекшілік етеді, аға зерттеуші ғалым. Ел үкіметі оны шақырып, бірге жұмыс істегісі келетінін айтқан. Әзірге 2026 жылға дейін келісім-шартқа қол қойды. 

«Бұрын келісім-шарт тек үш жылға ғана берілген еді. Қазір өз қалауың бойынша шектеусіз ұзарта беруге болады. Одан бөлек басты шартым – жұмыс істеп жатқан мамандарды алып қалу болды. Екіншісі – ғылыми зерттеу бюджетін үлкейту. Зертхана жұмысы үшін қосымша 2,5 млн доллар беруі керек», - дейді Мұхит

Әлем бойынша кванттық физиканың мүмкіндіктерін пайдаланатын офтальмологиялық зертхана тек Канада және Гонконгта. Канададан да қосымша шақырту келген, бірақ Гонконгта үкіметтің қолдауы, ұсынып отырған мүмкіндіктері көбірек болғандықтан сол жерде қалуды шешті. 

«Оны өзім де сезіп жүрмін. Қазір айына бір елге іс-сапарға шығуға жағдайымыз бар. Оның бәріне жағдай жасалған. Мамырда Швейцарияға келдік, маусымда АҚШ-қа барамыз. Виза, қонақүй тәрізді барлық шартты орындап жатыр, мемлекеттен көмек өте үлкен», - дейді Мұхит. 

Екі жыл көлемінде зертхана жұмысына 15-20 млн доллар жұмсалды. Күрделі есептеулер үшін, кейбір зерттеулер үшін өте үлкен көлемдегі қаражат керек болған.  

Аға ғылыми жетекшіліктен бөлек ол өзінің әріптестерімен бірге «Entoptica Limited»  атты компаниясын ашқан. Мақсаты – кванттық физиканы пайдалана отырып офтальмологиялық, диагностикалық құрылғылар құрастыру. Компания Гонгонктегі зертхананың базасында жұмыс істейді. Келісім-шарт бойынша, компания ел үкіметі қаржыландырып отырған зертхананың барлық мүмкіндігін пайдаланады. Ал кейін акция пакетінің 10 пайызын зертхана иеленеді. 

«Бұл екі жақ үшін де жақсы. Бізден бірден 10 пайыз сұрап отырған жоқ. Егер компания құны өсіп жатса, келісім-шарт бойынша береміз. Ал олар өз кезегінде біздің дамып, өсуіміз үшін көмектеседі», - дейді компания директоры.

Дәл қазір компанияда кванттық технологиямен жұмыс істейтін бірнеше аппарат бар. Олар ең күрделі, қиын деген көз ауруларын емдеуге, сол аурудың алдын алуға көмектеседі. Енді клиникалық сынақтан өткізіп, өндірістік масштабқа шығу қалып тұр.

Алғашқысы – SLOPE атты құрылғы, кванттық фотондарды пайдалану арқылы көзді тексереді. Екіншісі SLT атты томографиялық аппарат, үшіншісі SLIM микроскобы.

«Қазір науқастарға қай құрылғы көбірек қажет сонымен айналысамыз. Бірақ бәрін кезек-кезегімен нарыққа жеткізгіміз келеді. Әрқайсысының технологиясы күрделі», - деп түсіндіреді Мұхит.

Жыл сайын мамырда Швейцарияда жаһандық көрме өтіп, әлемнің ең мықты компаниялары келіп өз зерттеу нәтижелерін көрсетеді. Солардың қатарында Мұхиттың «Entoptica Limited» компаниясы бар. 

«Еуропа халқының алдына шығып зерттеу құрылғысын таныстырып жатырмыз. Офтальмологиялық клиникаларға көрсетеміз. Медиаға шығып, таныла бастағаннан кейін осындай ғылыми шараларға шақырту алып жатырмыз. Бәріне бірдей бармасақ та, бізге ең қызықты дегендеріне барамыз. Ғылыми жұмысымыз жайлы айтамыз, таныстырамыз. Дәрігерлерге ақпарат береміз. Оның ар жағында компанияға қаражат тарту деген мақсатымыз бар. Клиникалық сынақтар өткізу үшін, өнімді коммерцияландыру үшін қаражат керек. Сол үшін инвесторлар көзіне көріну үшін тырысып жатырмыз», - дейді ол.

Мұхит компанияның Азиядағы нүктесінің директоры, Солтүстік Америкада тағы бір нүктесі бар. Болашақта Швейцария не Англиядан тағы бір нүкте ашқысы келеді. Компания көлемін үлкейтіп, үлкен нарыққа кіргіміз келеді деген жоспар тұр. 

«Бұл жердегі барлық құрылғыны мен ойлап таптым деп айта алмаймын. Негізгі зерттеу тобы 12 адамнан тұрады, барлығы мықты мамандар. Көбісі физика, математика, кванттық физика саласында. Арасында кванттық технология арқылы офтальмологиямен айналысатын жалғыз мен ғана», - дейді ғалым. 

Медициналық құрылғыны сынақтан өткізу 10 жылға дейін созылады 

Кез келген өнімді жаппай сатылымға жібермес бұрын міндетті түрде сынақтан өткізеді. Мәселен, тұрмыстық техниканы биомеханикалық, электромагниттік сынақтан өткізеді, адамға қаншалықты зияны болуы мүмкін деп тексереді. Ол аз уақытты алатын процесс, ал медициналық құрылғыны сынақтан өткізу 5-10 жылға созылады, деп түсіндірді Мұхит. Құрылғы науқасқа қазір пайдасын тигізгенмен, кейін теріс әсері шығуы мүмкін бе, қандай зияны болады деген сұрақтарға жауап табу үшін жылдап зерттеу жасайды. Кемінде 1000-ға жуық адамға құрылғыны пайдаланады. Қазір осы клиникалық сынақты бастап кетті. 

«Әлемнің мықты ғылыми журналдарында мақалаларымыз шықты. Енді ол ғылыми жұмыс үшін көптеген науқастан ақпарат жинаудың қажеті жоқ, 15-20 науқастан ақпарат жинап жібере бердік. Одан кейін клиникалық сынақтан өту үшін одан да көп науқас керек. Сол үшін ғылыми жұмысты масташтабтандырып, үлкен науқастар санын жинап жатырмыз. Біз шығарған құрылғы қалай әсер ететінін білу өзімізге ерекше қызық», - дейді офтальмолог.

Елдегі нарықтың үлкен-кіші болуы сапалы, ерекше өнім шығаруға кедергі емес, дейді  Мұхит. 

«Гонконк қазір әкімшілік аймақ деп саналады. 7 млн адам тұрады, Қазақстаннан үш есе аз. Соншалықты үлкен нарық емес. Бірақ Гонконгтан шыққан өнімдер әлемдік нарықта жүр. Дәл осы сияқты шағын нарықта пайда болғанмен, өз елінен өсіп жаһандық нарыққа шыққан мысалдар көп. Нарықтың көлемі ешқаша кедергі болған емес. Дәл сол сияқты Қазақстанда пайда болған өнімдердің әлемдік нарықта жүзеге асуына мүмкіндік бар», - дейді ол.

Мұхит елдегі әріптестерімен байланыс үзген емес. 

«Осы жылы Қазақстандағы Көз аурулары институмен жұмыс істеп келе жатқаныма он жыл болады. Ортақ жобалар бар. «Бірақ адамдар елге қашан келесің, қандай пайдаңды тигізесің деп көп сұрайды. Енді болашақтағы үлкен мақсат – жеке клиника ашу», - дейді Мұхит.

Концепция тіпті, командасы да дайын. Жоспары бойынша, клиника халықаралық нарықпен, сырттағы қоғаммен байланыстыратын портал болу керек. 

«Күрделі ауруларды емдеу үшін Ұлыбритания, Канада, Гонгонктағы ерекше технологияларды әкелгім келеді. Нобель иелерін шақырсам деген арманым да бар. Зерттеу жасайтын, жаңа технология шығаратын, өсіп келе жатқан қазақстандық стартаптарға көмектесетін хаб болса деймін. Ой көп, арман бар. Енді осыған 1-2 млн доллар беруге дайын инвестор болса, қазір барып клиника ашуға дайынмын», - деген жоспарын айтады жас ғалым.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.