homepage
Фото: t.me/aqorda_resmi

Қазақстанда өрт пен өндірістік қауіпсіздікке қатысты заң күшейтілді

25.06.2025, 12:25

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқаруға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізетін заңға қол қойды. Жаңа түзетулер Жер, Орман, Су, Кәсіпкерлік кодекстері мен бірқатар заңдарға енгізіліп отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Өрт қауіпсіздігі саласында не өзгереді?
Заңның бірінші бөлігі орман және ғимараттардағы өрттің алдын алу және оған ден қою жүйесін күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда:

  • Орман өрттері кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарды жедел тарту тәртібі бекітілді;

  • Биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар мен адамдар жаппай жиналатын нысандар өртке қарсы талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды алуы тиіс;

  • Өрт автоматикасы жүйесімен айналысатын компаниялар ТЖМ-нен арнайы рұқсат алуға міндеттеледі;

  • Ауданы 2000 шаршы метрден асатын нысан иелері үшінші тұлғаларға зиян келсе, міндетті сақтандыру шартына қол қоюы керек;

  • Өрт сөндіруге ерікті қатысқандардың жалақысы мен жұмыс орны сақталады. Еңбек қатынасы жоқ болса, оларға ең төменгі жалақы мөлшерінде өтемақы төленеді;

  • Ауылдық жерлерде өртпен күреске тартылған күштерді жергілікті билік жанар-жағармаймен және тамақпен қамтамасыз етеді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында не өзгереді?
Заңның екінші блогы өндірістік апаттардың алдын алуға арналған.

  • Өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша ерекше тәртіппен тексеру және шұғыл шара қолдану механизмдері енгізілді;

  • Объектілер тәуекел дәрежесіне қарай екіге бөлінеді: жоғары және төмен;

  • Жоғары тәуекелді нысандар жыл сайын тексерілсе, өзгелері – кемінде үш жылда бір тексеріледі;

  • Қажет жағдайда тексерулер түнде немесе мереке, демалыс күндері де өткізілуі мүмкін.

Жаңа заң жобасы азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау шараларын күшейтуге, сондай-ақ табиғи және техногендік апаттардың алдын алуға бағытталған.