Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау саласындағы мамандарды жүйелі түрде даярлау басталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, бұл қадам Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық тұжырымдамасының аясында қолға алынған.
Бүгінде еліміздегі 35 жоғары оқу орнында экологиялық бағытта оқыту жүргізілуде. Тізілімге енген 143 білім беру бағдарламасының 70-і – бакалавриат, 52-сі – магистратура, 21-і – докторантура деңгейінде. Олардың қатарында «Табиғи-техногендік қауіптер», «Гидроэкология және трансшекаралық су қауіпсіздігі», «Экологиялық сараптама және тұрақты даму» сынды салалық жаңа бағдарламалар бар.
2024–2025 оқу жылына «Қоршаған орта» бағыты бойынша 1796 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Оның ішінде:
1506 грант – бакалавриатқа,
245 грант – магистратураға,
45 грант – докторантураға берілмек.
Бұдан бөлек, «Экология және тіршілік қауіпсіздігі» пәні барлық мамандықтың жалпы білім беру циклінің міндетті бөлігіне енгізілді.