homepage
Фото: juzmedia.kz

Оралда сталкинг құрбаны болған әйел полицияға 30 рет шағымданған

24.06.2025, 18:32

Орал қаласында сталкинг құрбаны болған әйел құқық қорғау органдарына 30-дан аса рет шағым түсіргенімен, нақты көмек ала алмаған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан журналист Дана Нұржігіттің MY PRIME TIME ютуб арнасына берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, әйел бірнеше мәрте "өміріме қауіп төніп тұр" деп полициядан араша сұраған. Алайда құқық қорғау органдары арнайы баптың жоқтығына байланысты әрекет ете алмаған. Соңында әйел күдіктінің шабуылынан аман қалғанымен, өмір бойына мүгедек болып қалған.

«Мұндай жағдай жалғыз Оралда емес, Ақтөбе мен Алматыда да тіркелді. Адам өлді, мүгедек болды. Себебі сталкинг – заңмен нақты анықталмаған қылмыс. Бұл бапты Қылмыстық кодекске енгізу – адам өмірін қорғаудың амалы», – деді Абзал Құспан.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда "сталкинг" ұғымы жеке қылмыс ретінде қарастырылып, жаңа бап жобасы Парламентте талқыланып жатыр.